Биыл келтемашаттықтар көптен күткен өзекті мәселе шешімін табады. Яғни, Келтемашат ауылынан жаңа заманауи медициналық фельдшерлік-акушерлік тіректің құрылысы бастау алды. Бүгінгі таңда жерін өлшеп, тегістеу жұмыстары жүргізілуде.
Жағымды жаңалықпен аудан әкімі Нұрлан Байғұт Келтемашат ауылдық округі тұрғындарының алдындағы кезекті есептік жиында мәлімдеді.
Аталған ауылдық округінің тұрғындары алдындағы есептік кездесу барысында аудан басшысы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тың реформалық өзгерістерді кеңінен түсіндіріп, халық көкейінде жүрген жайылым, жер қатынастарына, ағын су, түнгі жарықтандыру, ұялы байланыс операторы мен аудан орталығына арнайы маршрут қатынауды ұйымдастыру сынды мәселелерге Заң талаптарына сай жауап берді. Ал, округтегі тозығы жеткен спорт нысанының жөндеу жұмыстарына қатысты мәселе аудан әкімдігінің құзырында болмағандықтан облыстық тиісті басқармаға ұсыныс хат жолданатындығын атап өтті.
Сонымен қатар, Нұрлан Мархабатұлы округке іссапары барысында жауапты мамандармен бірге Кершетас ауылында құрылысы басталған мәдениет үйінің бүгінгі жай-күйін бақылады. Қазіргі таңда негізі(фундаменті) құйылып жатқан нысан келесі жылға өтпелі. Содан соң аудан басшысы сол ауылдағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан Жандарбеков мектебіне табан тіреп, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады. Білім ордасының ішкі әрлеу жұмыстары 1-қыркүйек білім күніне дейін толық аяқталып, пайдалануға берілді. Яғни, оқушылар жаңа оқу жылын жаңа сыныптарда бастады. Бұл жерде ішкі әжетханалар мен сыртқы абаттандыру жұмыстары ғана қалып отыр. Облыс әкімінің алдында көтерілген аталған мәселе де бүгінгі таңда өз шешімін тауып отыр. Ауыл тұрғындары мен ата-аналар көп жылдан бері ішкі жөндеуді қажет ететін білім ордасына атқарылған жұмыстар үшін алғысын білдіруде. Аудан басшысы қос нысанның мердігеріне құрылыс жұмыстарының сапалы болуын әрі, мерзімінде аяқталуын тапсырып, жауапты бөлім басшыларына қатаң бақылауда ұстау керектігін ескертті.
Өткен есептік кездесуде көтерілген Кершетас ауылына қосымша ауыз су құбырын жүргізу және Жиынбай ауылы, Шапағат және Н.Қоштаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары биылғы жылы толық жүзеге асатын болады.