Өтінімдер «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. Қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.
Мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Өтінім беру үшін қажет:
— Порталда тіркелу;
— Грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
— Порталда көрсетілген бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу (өз бетінше бизнес-план жарамайды);
— Өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтінім беруге болады.
Мемлекеттік грант алуға кімдер үміткер бола алады:
— Тіркелген жұмыссыздар;
— 29 жасқа толмаған, 3 жылдан кем дара кәсіпкер ретінде тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер;
Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
— Еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;
— Қолданыстағы «Қандас» мәртебесі бар адамдар;
— Өңіраралық қоныс аударушылар
— Атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар;
— Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
— Асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;
-жастар (29 жасқа дейін).
Сонымен қатар, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.