Ордабасы ауданының орталығындағы Мәдениет үйінде “Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігінің Ордабасы аудандық филиалының IV пленум отырысы болып өтті.
Аталған шараға аудан әкімі Нұрбек Бадырақов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық мәслихаттың хатшысы, ауылдық округтердегі ардагерлер кеңесінің жетекшілері, әкелер мектебінің, аналар кеңесінің өкілдері қатысты.
Жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауындағы негізгі бағыттар мен олардың жүзеге асырылуы, тиімділігі, өзектілігі айтылды. Сондай-ақ ұйым тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар сөз болды. Ауылдардағы бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмысын жетілдіру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жастар тәрбиесіндегі, ұлттық құндылықтарды жаңғыртудағы, бірлік пен берекені нығайтудағы ардагерлердің міндеттері, негізгі атқаратын жұмыстары тереңірек пысықталды. Өз кезегінде аудан басшысы аймақта ардагерлерге көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауларға, ардагерлер мен зейнеткерлерді сауықтыру бағытындағы шаруаларға кеңінен тоқталып, ауданда әр салада атқарылып жұмыстарды ел-жұртқа түсіндіруде, насихаттауда қарттарымыздың рөлі қашанда ерекше екенін тілге тиек етті.
Бүгінгі таңда Ордабасы ауданында 11 408 қарт зейнеткер өмір сүріп жатыр. 1 Ұлы Отан соғысының мүгедегі бар. Одан бөлек 301 тыл ардагері, 7 қайтыс болған соғыс мүгедегінің әйелі тұрып жатыр. Жалғызілікті қарттарымыз 119-ды құрап отыр. Жастары жүзден асқан 6 қария бар.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі