Кентау – кен өндіру ісімен танылған өңір. Кезінде кентаулықтар шапшаң бұрғылау жөніндегі рекордымен әлемге танылған. Соның аясында Кентау қаласының іргетасы қаланды. Биыл сол комбинатқа 95 жыл толды. Мерекелік шара «Кеншілер» ескерткішінде гүл қою рәсімімен бастау алды. Салтанатты шара қаладағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында жалғасты. Алғы сөзді алған қала әкімі ардагерлер мен қала тұрғындарын құттықтады.
– Тарихқа ой жүгіртсек, қаланың бағы жанған жылдары мен тоқырау кезеңіндегі небір қиындықтарды бастан өткергенін білеміз. Алайда жергілікті тұрғындардың, мына өздеріңіздің төзімділіктеріңіз бен еңбекқорлықтарыңыздың арқасында «тәж қала» көз тоймас көркін күні бүгінге дейін жоғалтпай келеді. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар аясында қала болашағына бағытталған ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – деді Ж.Тасов.
Қаланың қала болып қалыптасуына еңбектері орасан ардагерлерге «Құрметті кенші», I, III дәрежелі «Кенші даңқы», «Қалаға сіңген еңбегі үшін» төсбелгілері мен «Еңбек ардагері» медалы тағылып, алғыс хаттар табыс етілді. Жиында ардагер кеншілер айтулы мерекемен құттықтап, сол кездегі естеліктерімен бөлісті. Салтанатты шарада Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайының өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарлама қойылды.
Тарихқа тоқталар болсақ, «Ащысайтүстіметалл» комбинаты КСРО-ның 95 құрметті кенші-металлургін, Қазақ КСР-нің 46 еңбек сіңірген кеншілері мен байытушыларын, өнертапқыштарды, 439 орденді және 5 мыңдай медальды кадрларды тәрбиелеген. 1970 жылдан кейін «Ащысайтүстіметалл» комбинатының өрлеу кезеңі басталды. Ұжым қаладағы көптеген ғимараттардың бой көтеруіне үлес қосқан.
Мекеме Кентау қаласының гүлденуіне, көркеюіне бар күш жігерін жұмсаған. Сол кезеңде құрылыс қарқын алып, әлеуметтік нысандар ел игілігне пайдалануға берілген. Атап айтқанда, қаладағы орталық алаң бой көтеріп, Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайы, Орталық аурухана, Құмкөл, Қызылкөл, Шаға, Сырдария өзенінің жағасындағы демалыс аймағы, Сарыағаштан 20 орындық демалыс емделу орны кеншілер үшін ашылды. Қаладағы облыстық «Жансая» балаларды сауықтыру орыны, қалалық әкімшілік бөлімдері жайғасқан ғимарат, Ы.Алтынсарин атындағы №1, Т.Рысқұлов атындағы №24 мектептер мен 18 балабақша комбинаттың қаражатына салынған.