Осыдан бірнеше күн бұрын ғана Facebook әлеуметтік желісінде бір видеоның әсерінен дүрбелең туды. Бейнежазбада адам өлімінің орын алғаны көрініп тұр. Бірақ ақпаратты таратушы адам мұнда Қырғызстанда жұмыс істейтін қытайлықтар қырғыз адамдарын өлтіріп, етін жеген деген ақпарат таратқан. Осы арада халық пікірі екіге жарылды. Бірі «бұлар жауыздар, біздің елде де қаншама қытай жұмыс істейді. Қаншама қазақтың із-түссіз жоғалуының артында осылар тұруы мүмкін. Көздерін құрту керек» деді. Екіншісі «қырғыздар қытайларға жауап қайтаруы тиіс. Қарап қалмасын, қандастар» дегенге саятын пікір жазды. Осылай кете береді. Бірақ ең соңында мұның Қырғызстанның шахтасындағы апаттық жағдайдан болған адам өлімі екені анықталды.
Міне бүгінде осы сынды ел ішінде қандайда бір қайшылық тудыратын не соңы үлкен дүрбелеңге алып келетін рас-өтірігі айқындалмаған ақпарат көп. Бұл ‒ жалпыға ортақ мәселе. Сондықтан бүгінде халық арасындағы негізсіз ақпараттың тарауынан туындауы мүмкін қателіктің алдын алу үшін «fact checking» қабілетін меңгеру қаншалықты маңызды екенін талқыладық.
Бүгінде қоғам күнде бір фейк жаңалықтың құрбаны болып жүргені рас. Ал медиа қызметкерлерінің бұл тараптан қателікке бой алдыруы тіпті сорақы деуге болады. Журналистің міндеті – шынайы ақпаратты жалған ақпараттан ажыратып, фактінің шынайылығын тексеріп, оны оқырмандарға не көрерменге еш бұрмалаусыз жеткізу ғой. Журналистер үшін ақпараттың түпкі көзін тауып және оның растығын білу үшін бірнеше дереккөзден іздеу өте маңызды дүние. Оның үстіне дәйексіз ақпаратқа сүйену кәсіби біліктіліктің төмендігін көрсетеді. Қандай жағдайда болмасын ресми ақпарат көздерінен ақпарат алу, оны салыстыру, саралау, зерттеу бәрі-бәрі мақала жазуда алғышарт екені даусыз. Сондықтан әрбір мақаланы не текстті жазуда әріптестерімізге сыни ойлау мен үлкен қырағылық керек-ақ. Бұдан бөлек халық та естігенін дүниесінің дұрыстығына көз жеткізбей жатып, шешім шығармауы керек деп ойлаймыз. Жоғарыдағы пікірлерден түйгеніміз осы.
А.БІТІМБАЙ