Жалпы, біріншіден, кез келген ақпаратқа күмән келтіру. Ол ақпаратты мейлі депутат, мейлі министр, мейлі президент айтсын, кез келген адамда адами фактор, статистикалардың бұрмалануы болады. Сондықтан оны ресми және ашық дереккөздерден тексеріп, ақ-қарасын анықтаған абзал.
Менің өз тәжірибемде мемлекеттік деңгейдегі шенеуніктердің баяндамаларында манипуляциялық және бұрмаланған ақпараттар кеткенін анықтаған кездерім болған. Бір тәжірибеммен бөлісейін. Facebook әлеуметтік желісінде Stories бөлімінен үнемі бір видео айнала беретін. Қарасам, банктердің өнімін жарнамалайды. Жарнамалаған кезде Kaspi.kz басшысы Михаил Ломтадзенің бір стартап жұмысты жарнамалап жатқан сияқты бір видеосын көрсетеді.
Олар Ломтадзенің басқа жерде жарық көрген сұхбатынан үзінділер жұлып-жұлып алып, бұл өте тиімді жоба, сізге табыс әкелетін жоба деген сияқты сөздерін алып пайдаланған. «Kaspi Profit өніміне біздің Қазақстан үкіметі кепіл болып отыр және тұрақты әрі жоғары табыс әкелетініне Парламент те сенім білдіреді» деген сөздер бар.
Манипуляцияға толы фактілерді тексеруді кез келген адам қолға алса, меңгеріп кете алады. Тіпті, мемлекеттік органдардың атын пайдаланып фейк тарататын ресрустар болады. Журналистің айтуынша, мұндай фейктер пандемия кезінде, Қаңтар оқиғасы кезінде көп болыпты. «Мысалы, 42 500 теңге жәрдемақы алу кезінде осындай жайттар орын алды. Одан кейін «2022 жылы қаңтар кезінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 50 мың теңгеден ақша таратып жатыр» деген ақпарат шықты. Ол WhatsApp желісінде видео форматта тарады. Ол үшін мынадай қадамдарды орындауыңыз керек, сілтемеден өтіп тіркеуден өтесіз, орындағаннан кейін 30 секундқа ашып қоясыз, администратор сіздің деректеріңізді тексереді деп қадам-қадам бойынша нұсқаулық береді. Сіз оның бәрін орындай берсеңіз, барлық деректеріңізді осы фишинг парақша ашқан алаяқтар пайдаланады.